Бала қазір жасанды тыныс алу аппаратына қосылған
Елордада тісін емдегеннен кейін ес-түссіз халге түскен баланың жағдайы ауыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.
Алдын ала болжамға қарағанда, сәбидің дәріге аллергиясы болған. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы хабарлаған.
26 желтоқсанда Анастасия баласының тісін емдету үшін жекеменшік стоматологияға барған. Дәрігер қабылдауынан кейін 2,5 жасар қыз жансақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Анастасияның сөзіне қарағанда, тіс емханасында балаға жалпы наркоздан бөлек, қосымша дәрі егілген. Бүлдіршіннің ауыр халге түсуіне сол себеп болуы мүмкін.
«Жеке тіс емханасына баламды апарғанда, мен бірнеше рет «Севораннан басқа балаға не саласыңдар» деп сұрадым. Маған «Өзге ештеңе салмаймыз» деді. Тек кейін Убистизин және Эсмерон егілгені белгілі болды. Севораннан кейін балам есін жиған жоқ. 13 күн бойы ол №3 инфекциялық балалар ауруханасында жатты. Бұл жағдай туралы Facebook-ке жазғаннан кейін ғана 7 қаңтарда баламды № 2 көп салалы ауруханасына ауыстырды. Онда МРТ, КТ сынды ем-домдарын жасады», - дейді баланың анасы Анастасия Зеленая.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері 6 қаңтарға дейін бала тасымалдауға келмейтін жағдайда болды деп ақталды. Және науқасты басқа емханаға ауыстыруға әлеуметтік желідегі жазбалардың қатысы жоқ деп сендірді.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов оқиға жіті қадағалауға алынатынын айтып, құзырлы органға стоматологиялық клиниканы тексеруді тапсырды. Ал баланың жағдайы ауыр. Ол жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
«Стоматологиялық қызмет көрсету кезінде анестезия жасалып, тісті пульпитті емдеу үшін дәрілік заттар пайдаланылды. Қазір бұл жағдайды талдау жүріп жатыр. Алдын ала болжам бойынша балада препаратқа аллергиялық реакция туып, анафилактикалық шок болған», - деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова.
Өз кезегінде жекеменшік стамотология өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Ал өлім аузында жатқан бүлдіршіннің анасы оларға қарсы арыз жазуға мәжбүр.