Павлодарда анасын үйінен қуып шыққан азамат 5 тәулікке қамалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам оқиға кезінде мас болған

Фото ашық дереккөзден

Павлодар тұрғыны анасын үйінен қуып шыққан. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кеше кешкі сағат 23.00-де қарт әйел өзін ұлының үйден қуып шыққанын айтып, полицияға хабарласқан.

«Жұмыстан кейін ұлы мас болып келіп, қорлағанын, содан кейін оны пәтерден қуып шыққанын жеткізді. Мас баласы ұйықтап қалып, зейнеткер әйел үйіне кіре алмаған»,- делінген департамент хабарламасында.

Полицейлер 15 минут бойы есікті қатты қағып, ер адамға ашқызды. Үй иесі ақыры үйге кіріп, жылынды. Ал оның ұлына қатысты тәртіп сақшылары ҚР ҚІЖК 73-бабы бойынша әкімшілік хаттама жасап, оған сәйкес ер адам бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынды.

Мұндай әрекетке жол беруге болмайтындығы туралы полицейлермен сөйлескен ер адам қарт анасынан кешірім сұрады және болашақта бұндай әрекетке бармайтынына уәде берді.