Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сондай-ақ облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтың да пара алды деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды

Бүгін, яғни 10 желтоқсан күні Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтың 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталғандары белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.

Оларды ұстауды Нұр-Сұлтаннан арнайы келген ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бір топ қызметкерлері жүргізген. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, пара тендерден алатын «откат» болуы мүмкін.

«Б. Хаменоваға қатысты ҚР ҚК 366-бабының 2-бөлімі («Айтарлықтай мөлшерде пара алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір одан Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті ғимаратында жауап алуда.

Ақылбек Рысқалиев өз кінәсін тез мойындады, сондықтан әзірше оны босатты. Б. Хаменоваға қатысты әлі шара алынған жоқ», - делінген хабарламада. 

Ал @Yedilov online өзінің Telegram-каналында Б. Хаменованың жұмыс кабинетінің мөр басылған есігінің суретін жариялады.