Сотталған жігіт те түрме қызметкерлерінен өзінің анасын табуға көмектесуін өтініпті
Шымкенттік келіншек ажырасқанда ұлының жасы небәрі екіде болыпты. Баласы қайынжұртының қолында қалған. Кейін баласын іздегенімен, бұрынғы күйеуінің туыстары ана мен баланың кездесуіне тыйым салыпты. Арада 29 жыл өткенде Жәмила апай баласын Шымкенттегі түрмеден тапты, деп жазады otyrar.kz.
Ер адам жазасын қатаң режимдегі ИЧ 167/2 колониясында өтейді, содан ол тағы бес жылға жуық уақыт түрмеде болады. Жастайынан тағдыр тәлкегіне түскен жігітті ата-анасының ажырасуына байланысты жақындары бір-бірін еске алуға мүлдем мүмкіндік бермеген көрінеді. Бірде түрмеге түскен сотталушы түрме қызметкерлерінен өзінің анасын табуға көмектесуін өтініпті. Арада біраз уақыт өткеннен соң, жігіттің тілегі орындалды. 29 жылдан кейін анасы мен түрмедегі баласы жүздесті, деп хабарлайды
«Балам мені кешірші, тезірек шықшы, бақытты өмір сүреміз деп сұраймын» деген Жәмилә апайдың басты тілегі – қиын сәтте қасынан табыла алмаған перзентінің кешірімін алу.
Ал жігіттің өзі өмір бойы анасымен кездесуге дайындалған екен. Ол ата-анасы ажырасқанда екі жаста болғанын айтады. Сондай-ақ есейгенде анасын табуға барынша тырысқан, алайда ешбір әрекеті нәтиже бермеген.
«Мен оны іздеп көрдім, бірақ ол туралы бір де бір ақпаратты таба алмадым, туыстарым оны менен жасырып қалды, мен тіпті анамды қайдан іздеуді білмедім. Содан мен түрмеге түстім, сол кезде ойыма бірден келгені, осындағы қызметкерлерден көмек сұрау арқылы, анамды табу. Арада бірнеше айдан кейін олар оны тапты. Біз телефонмен сөйлесіп, кездесуді күттік, мен оны бүгін көремін. Әйелім, екі балам бар, қазір анамды таптым», - дейді сотталған ер адам.
Жәмилә апай арада 29 жыл өткен соң ұлымен кездесуге келді, соңғы рет олар баланың екі жасында көріскен екен. Одан кейін талай рет талпынғанымен, нәтиже болмаған. Анасы баласының оны іздеп жүргенін білгенде қатты таңқалғанын, тіпті бұл туралы мүлдем ойламағанын айтады.
«Өмірде бәрі қателеседі! Мен ұлымды ешқашан айыптамаймын. Мен оны іздедім, бірақ туыстары онымен араласуға тыйым салды. Жарайды, мұндай өмір, мен ешкімді кінәламаймын. Бастысы енді мен оны таптым», - дейді Жәмила апай.
Анасы мен баласы 30 жылға жуық зарыға күткен сәт түрмеде бұйырды.
Колония қызметкерлері жігітке анасын табуға көмектесіп, барлық өтініштерді жолдап, ұзақ уақыт жұмыс істеген көрінеді. Нәтижесінде, олардың бұл әрекеті, ана мен баланың қаншама жылдық арманының орындалуына себепкер болды. Жауапты мамандар, екі тарап бұл жаңалықты естігенде бірден кездесуге келіскенін айтады.