19 жастағы тұрғынның бұған дейін ұсақ бұзақылығы үшін жауапқа тартылғаны анықталды
Елорданың 19 жастағы тұрғыны сауда орталығының субұрқағына 2-қабаттан секіріп түскені үшін қамауға алынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, «102» арнасына полицейлерге «Mega SilkWay» сауда орталығының субұрқағына екінші қабаттан жас жігіт секіргені туралы хабарлама түскен.
«19 жастағы жігіт достарымен бәстесіп, бірінші қабатта орналасқан субұрқақтың ішіне секіріп кеткен. Орталыққа келушілер қауіпті әрекеттің еріксіз куәгері болды. Жас жігітті сауда орталығының күзетшілері ұстап, шақыртумен жеткен полиция қызметкерлеріне тапсырды», - делінгент ПД хабарламасында.
Құқық бұзушы Есіл аудандық полиция бөліміне жеткізілді.
«Тұрғынның үстінен ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен құқық бұзушы қамауға алынды», - делінген хабарламада.
Ұсталған азаматтың бұрын Алматы метросында қатты музыка қосып, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.