Жыл басынан бері 39 адам құтқарылды: Алматы тауларында адасып кететін туристер қатары көбейді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Тау басында тәулік бойы жылы тұратын 15 модульдік құтқару үйшіктері қойылды

Алматының тауларында адасып кететін адамдардың саны биыл екі есеге көбейген. Құтқарушылар, бұның себебін тау туризміне қызыққан тұрғындар санының артуымен, әрі олардың қауіпсіздікті қаперге алмайтындығымен түсіндіреді. Соңғы екі жылда өлім аузынан 66 адам құтқарылса, бес турист қайтыс болып кеткен. Жазым болғандардың арасында бала да бар. Біріне биікте дем жетпей жүрегі тоқтаса, кейбірі суықтан үсіп өлген. Соқпаққа түсіп жол табуы қиындаған туристерді  дер кезінде іздеуге қолайсыз ауа райы мүмкінік бермейді. Ал демалушылар көбінесе төменге түсу кезінде адасып, қарлы шыңда қалып қояды екен. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісі хабарлайды.

Іле Алатауының құзды шатқалдарына шығып, тәуекелге баратын адамдарға төнетін қауіпті азайтудың бірнеше амалы жасалды. Төтенше жағдайлар департаменті Туризм басқармасымен бірігіп, құзға құрастырмалы үйшіктер орнатты. Тау басында тәулік бойы жылы тұратын 15 модульдік құтқару үйшіктері қойылды. Әрқайсысының құны құны 47 миллион теңге тұрады. Таудағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жоба бойынша салынған үйшіктердің ішінде екі адамға арнлған төсек, азық-түлік, дәрі-дәрмектер мен көрпе, телефонды қуаттау станциясы сынды жабдықтар қойылған.

«Ең бастысы әрбір құтқару үйшігі дабыл түймесімен жабдықталған, оның көмегімен туристер құтқарушыларға белгі жібере алады. Құтқарушылардың пультіне дауыстық хабарламамен алмасу мүмкіндігін беретін 10 радиорелелік діңгек орнатылған. Үйшіктер Wi-Fi тарату функциясымен жабдықталған. Бұл жоба  альпинизм федерациясы, тау қауымдастығы және ТЖД бірлесе отырып жасалған ауқымды жұмыс. Серіктес ретінде Halyk Bank қайтарымсыз қаржылай көмек берді. Адам өмірін сақтап қалуға арналған шараға 101 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды. Оның 39,9 млн теңгесі автономды күн электр станциясын алуға, 12 млн теңге пилотсыз ұшу аппаратына, 47,3 млн теңге модульді үйшіктерді орнатуға кетті», - деді Алматы қалалық Туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді.

Тау туризміне қызығушылардың саны жыл сайын артып келеді. ТЖМ қызметкерлерінің мәліметінше, 2021 жылы іздестіру-құтқару жұмыстарының саны биыл екі есеге өскен. Сәйкесінше, қауіпсіздікті елемей қиын жағдайға тап боатын тұрғындар саны да артқан. Былтыр шатқалда қалып қойған 20 құтқарылса, биыл адасып кеткен 39 адам ажал аузынан аман қалған. Іздеу жұмыстарына 300 астам құтқарушы шығыпты. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратынша, шұғыл көмекті қажет ететін туристерді құтқаруға шығатын бес  тікұшақ бар. Бірақ ауа райының қолайсыздығынан әуе көлігі көкке көтеріле алмай, уақыт жоғалтатын сәттер де жиі кездеседі. Бұдан былай адасқан адамдар дрон арқылы да іздестіріледі. Дрон адамды тауып қана қомай, қажетті жабдықтарды да көмек күткен туриске жеткізе алады.

«Пилотсыз ұшу аппарты іздестіру-құтқару жұмыстары үшін таптырмас құрал. Ол адасып жүрген туристі тауып қана қоймай, сол адамның қозғалысымен бірге жылжып, құтқарушыларға тұрақты сигнал да беріп тұрады екен. Кіші және үлкен Алматы шатқалдарына 2 бақылау-құтқару пункті, ал Тұйықсу шатқалына тікұшақ алаңы салынып жатыр. Бұл ретте екі жылда 5 адам қайтыс болды, оның 2-еуінің жағдайы құрал-жабдықтың жоқтығы, гипотермияға байланысты. Іздестіру жұмыстарының 30-ы Тұйық-Су, Мыңжылқы үстіртінде жүргізілді. Биыл 3 адам қаза тауып, 35 адам аман қалды. Үлкен Алматы шыңында 22 іздеу жұмысы жүргізіліп, бір адам қаза тапты, 26 адам аман қалды. Көкжайлау шатқалында 1 адам  қайтыс болып, 5 турист құтқарылды. Бұл ретте Көкжайлау үстіртінде жедел әрекет ету үшін 1 бақылау-құтқару бекетін құру қажет. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 312 адам жұмылдырылды», - деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Құтқару үйшіктері қия құздарға тікұшақ арқылы жеткізілген. Туристер көп адасатын Тұйықсу мұздығының соңғы моренасы, Жоғарғы Горельник, Проходное шатқалы, Лунная поляна, Талғар, Қызылсай, Үлкен Алматы, Шұбарарша шатқалдарына, сонымен қатар Түрген өзені, Панорама, Солнечная поляна, Бозкөл, Коженевский мұздығы сынды жерлерге құтқару үйшіктері қойылды. Үйшіктерге тұман, қарлы боранды күндері де туристерге  көрініп тұратын жарық шашу белгісі қойылған.

«Біз адам өмірін құтқаруға арналған жобаға арналған ұсынысты қуана қолдадық. Өйткені адамдарды қажеттілікпен қамтамасыз ету, көмекке мұқтаж туристерді құтқаруға мүмкіндік беретін жұмысты атқару өте маңызды. Іс жүзінде тым болмағанда бір адам өмірін сақтап қалса, бұл жоба өзін ақтады деп санауға болады», - деді қаржы институтының өкілі  Әсел Оразбаева.