Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды
Жамбыл облысы Шу ауданының полицейлері жалған лаңкесті ұстады. Бұл туралы Жамбыл облыстық полиция департаменті хабарлады.
Департаменттің хабарлауынша, Шу ауданы полиция бөліміне белгісіз тұлға қоңырау шалып, Шу ауданы Төлеби ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектептің ғимаратында жарылғыш құрылғы орнатылғанын, яғни алдын ала дайындалған терроризм актісі туралы хабарлаған.
Полиция қызметкерлері жедел түрде тиісті шара қолданып, мектеп ғимаратынан 300-ден астам адамды эвакуациялады. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Тексеру нәтижесінде жарылғыш зат анықталмады. Полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында аталған қылмысты жасаған Шу ауданының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 273-бабымен сотқа дейінгі тергеп тексеру басталды»,-делінген ведомство хабарламасында.
Күдікті кінәсін толық мойындап, Шу ауданы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.