Полиция оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады
Алматы облысы, Талғар қалалық әкімдігі шаһардағы балабақшалардың бірінде орын алған қайғылы жағдайға байланысты пікір білдірді. Бұған дейін төрт жастағы қыз балабақшада моншақ жұтып қойып, қайтыс болғанын жазған болатынбыз.
«Қайғылы оқиға "Талғар-Нұрәлі" ЖШС тиесілі "Бүлдіршін" балабақшасында орын алған. Балабақша қызметкерлерінің айтуынша, 26 қарашада сағат 15:20 шамасында бала түскі астан кейінгі ұйқыдан оянбаған», – деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қызметкерлер бірден жедел-жәрдем шақыртып, баланың ата-анасына хабар берген. Балабақша маңында тұратын қыздың ата-анасы сәбиді көтеріп, жедел-жәрдемнің алдынан шыққан.
«Алдын-ала мәлімет бойынша, баланың тамағына белгісіз зат тұрып қалған. Полиция қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүріп жатыр. Бұл жағдай белгілі бола сала, оқиға орнына аудан әкімінің орынбасары мен білім бөлімінің жетекшісі жетті», – деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Қыз балабақшаға өткен жылдың желтоқсан айынан бері барып жүрген.