Алматыда жасөспірім қызды тонап кеткен күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды

Фото ашық дереккөзден

Алматыда жасөспірім қызды тонап кеткен ер адам қылмыс үстінде ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Кәмелетке толмаған қыздың анасы қылмыс туралы полицияға хабарлаған. Оның айтуынша, қызы мектептен келе жатқанда белгісіз біреу оның қолынан Iphone ұялы телефонын тартып алған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде күдікті қамауға алынды.

«Полицияға жеткізілген 28 жастағы күдікті өзінен жауап алынып, беттестіргеннен кейін кінәсін мойындады. Айғақты зат ретінде телефон тәркіленді және иесіне қайтарылды. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 191-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы анықталуда», – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.