Қыстық бәтеңкемен ішке кіргізбейді: Шымкенттегі №85 мектеп оқушылары аяқ киімдерін мектеп ауласында ауыстырып жүр
Ашулы ата-аналардың бірі оқиғаны видеоға түсіріп, желіде жариялады
Күн суықта оқушылардың аяқ киімдерін мектеп ауласында ауыстыртқан мұғалімдердің әрекеті көпшіліктің ашуын тудырды. Видеодағы ақпарат бойынша, оқиға Шымкент қаласындағы №85 мектепте болған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«№85 мектеп, оқушылар аяқ киімдерін мектеп ауласының сыртында ауыстырып отыр. Ешқандай жағдай жоқ, мектеп іші сыз. Осының кесірінен бала-шағаның бәрі ауырып жатыр. Не деген сұмдық бұл?! Өзінің мектебі сияқты бәріне аяқ киім болмаса «ішке кіргізбеймін деген», - деп пікір білдірді видеоны түсірген ер адам.
Azattyq Ruhy тілшісі Шымкент қаласының білім басқармасына хабарласып, «аталған жағдай мектеп ережесіне сай ма, мұғалімдерге мұндай бұйрықты кім берді?» деген сауалдарды қойды.
Орта білім беруді және тәрбие жұмысын дамыту, қосымша білім беру бөлімінің басшысы Гүлмира Дәрібаева балаларға мектеп ауласында аяқ киім ауыстыру туралы талап қойылмағанын мәлім етті.
«Шымкент қаласы білім басқармасының Х.Әлімжан атындағы №85 жалпы орта білім беретін мектептің ішкі тәртібінде балалардың далада аяқ киім ауыстыруы қарастырылмаған. Мектепке таза аяқ киіммен кіру туралы ғана талап қойылған. Балалар үшін мектеп ғимаратында барлық жағдай жасалған. Әр баланың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі маңызды. Болған жағдай бойынша мектептің бірінші басшысының жауапкершілігі қаралатын болады», - деді.
Ал мектеп директоры Жансұлу Әбдіразаққызы аяқ киімді оқушылар «өздері далада ауыстырды» дегенді алға тартып отыр.
«Біздің мектепте ешбір бала далада аяқ киім ауыстырмайды. Мектеп ғимаратында барлық жағдай жасалған. Балалар шыдамсыздық танытып, өздері далада ауыстырған. Мұны дұрыс түсінбеген ата- ана түсіріп алған. Мен үшін әр баланың денсаулығы мен өмір қауіпсіздігі бірінші орында. Денсаулық тазалық бар жерде ғана болады. «Мектепке таза аяқ киіммен кіру қажет» деген ғана талап қойылған.
Сіздердің, ата аналардың өзара байланыс орнатуы жұмысымызды жетілдіруге бағытталған. Түсіністік танытқандарыңыз үшін алғыс білдіреміз!» - деп жауап берді директор.