Алматы облысындағы Книжевск су қоймасында бөгет бұзылды

Автор: Azattyq Rýhy

Су қоймасының көлемі 4,47 млн текше метрді құрайды

Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Мыңбаев ауылының маңында орналасқан Книжевск су қоймасының бөгеті бұзылды деп хабарлады ҚР ТЖМ баспасөз хатшысы Берік Уәли.

Оқиға 21 қарашада түнгі сағат 23:13-те болған.

Белгілі болғандай, бөгеттің жарығы 5-6 метр шамасында. Ал су қоймасының сыйымдылығы 4,47 млн текше метр. Оқиға болғанға дейін қойманың тек 50% сумен толтырылған. Бөгет жарылған сәттен бастап судың ағу көлемі секундына 30 текше метрді құраған.

«Су Қарғалы өзенінің арнасымен ағып кетуде, одан әрі Іле ауданының Күрті су қоймасына құяды. Оқиға салдарынан қаза болғандар мен зардап шеккендер, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу жоқ, облыстық маңызы бар "Мыңбаева-Қасымбек" автожолы арқылы су асу фактісі бар. Полиция қызметкерлері қозғалысты шектеу бойынша бекеттер қойды», - делінген Б.Уәли таратқан хабарламада.

Қазіргі таңда аққан судың көлемі төмендеуде. Қарғалы өзенінің арнасы бойынша визуалды бақылау жүргізіліп жатыр, елдімекендерді су басу қаупі жоқ.

Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД бастығы бастаған ҚР ТЖМ бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері және басқа да мүдделі қызметтер бар. Оқиға орнында және ТЖД ғимаратында төтенше жағдайды жою штабы құрылды.