Ауасы таза дейтін саяжайдың үстін ақ шаң басып, тыныс алу қиындаған
Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы, Бөлек ауылына қарасты Жетісу саяжайының тұрғындары таза ауа мен тыныштыққа зәру, деп хабарлайды 24.kz арнасы.
Саяжайға жақын жерден карьер қазғалы тұрғындадың мазасы қашқан. Онсыз да өркениеттен алыс қалған ауыл енді дамылсыз техника мен ақ шаңның азабын тартып отыр.
20 гектар аумақты алып жатқан карьер саяжайдан 500 метр ғана қашықтықта орналасқан. Бұл жерден қазылып алынған тастар ұсақталып, Үлкен Алматы айналма жолының құрылысына жөнелтіледі. Алайда карьердің пайдасынан бөлек, зияны да аз болмай тұр. «Тасты ұнтақтағыш техника түнімен жұмыс істегендіктен ұйқы жоқ» дейді тұрғындар. Ал ауасы таза дейтін саяжайдың үстін ақ шаң басып, тыныс алу қиындаған.
«Әкімдікке шағым айтып барғанымызда, олар бізге «төмендегі жолды жасап береміз, есесіне сендер карьер туралы жұмған ауыздарыңды ашпаңдар» деді. Ол жолдың бізге қажеті жоқ. Дәл қазір бізге денсаулық маңызды», – дейді саяжай тұрғыны Светлана Пенкина.
«Қиыршық тас тасыған жүк көліктері де қауіпті» дейді тұрғындар. Жыл басында жылдамдықты асырған ауыр техника бір баланы қағып, мерт қылыпты.
«Камаздың кесірінен баламнан айырылдым. Негізі ол жерде жаяу жүргіншілер жолы бар. Соған қарамай, 60-70 жылдамдықпен келген. Екінші сыныпта оқитын балам бар еді, содан айырылып қалдым. Сабаққа барып, сол жерде автобус күтіп тұрған бала. Жолдың бер жағына өтіп жатқан кезде «Камаз» қатты жүргені соншалықты баланы да байқамай қалған», – дейді саяжай тұрғыны Қанат Көжеков.
Бөлек ауылдық округі әкімдігі өкілдерінің айтуынша, карьерге берілетін жер учаскесі 1989 жылы анықталып қойған. Қажеттілік туындаған соң 2020 жылдың мауысымында іске қосылыпты. Қазір мұнда ауыр жүк көліктері ұсақталған тастарды үздіксіз тасуда.
«Есік өзенінің бойында орналасқан Солнышко карьерінің барлық тиісті рұқсат қағаздары бар. Оны Алматы облысындағы Кәсіпкерлік басқармасы мақұлдаған. Рұқсат құжаттары 3 жылға берілген. Үлкен Алматы айналма жолының құрылысын 2022 жылдың соңында аяқтау жоспарланған. Карьер жұмысы да сол уақытқа дейін созылады», – дейді Бөлек ауылдық округі әкімінің орынбасары Джалил Османов.
Әкімдік өкілдері тұрғындар шағымы негізінде облыстық Сәулет және экология басқармаларына, Табиғатты қорау және жер инспекциясына хат жолдапты. Карьерді орнынан қозғалту мүмкін емес. «Ең болмағанда, ұнтақталған тастарды тау қылып үймей, өндірілген материалды шетінен тасыса, ақ шаң азаяр еді» дейді ауылдық әкімдіктің өкілдері.