Ойын клубын тонаған қарулы үш жігіт Алматыда қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар 1 млн теңгеден астам қаржыны ұрлаған

Фото ашық дереккөзден

Жаркент қаласында қаруланған үш жігіт ойын клубын тонап кетті. Бұл туралы Алматы облысының полиция департаменті хабарлады.

Ресми мәліметке сүйенсек, 15 қарашада Панфилов аудандық полициясының кезекші пунктіне жергілікті ойын клубынан қоңырау түсті. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері жағдайды бақылауға алды. Оқиға орнында қаруланған  үш ер адам 1 миллион теңгеден астам ақшаны ұрлағаны белгілі болды. 

Қарақшылық шабуыл ойын мекемесінде орнатылған бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Кадрда екі ер адамның клубқа кіріп, атыс қаруымен ғимараттың төбесіне бірнеше рет оқ атып, кассирді қорқытып, ақша ұрлағаны көрсетілген. Расымен де, қылмыс орнынан 9 миллиметрлік жарамсыз гильза табылды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер 1998-2000 жылы туылған үш күдіктіні анықтады. Белгілі болғандай, үшеуі де Алматы қаласында қолға түскен. Қылмыскерлердің бірі қонақүй бөлмесін жалдаса, екіншілері жалдамалы пәтерлерде қалған.

"Ұрланған ақшаның бір бөлігі, тапанша тәркіленіп, заттай айғақ ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді. Күдіктілер кінәсін мойындады. Айғақтарына сәйкес, олар ақшаны ойын-сауыққа жұмсаған. Оқиғаға келгендердің әрекетін сот актісіне жазып алған", - деді Алматы облысы ІІД тергеу басқармасы бастығының орынбасары Самал Арынғазинова.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Аталған факті бойынша "Қару қолдана отырып, топтық тонау" бабы бойынша тергеу жүргізілуде.