Өрттен зардап шеккендер жоқ
Алматы қаласының Медеу ауданында орналасқан қоймадан өрт шықты. Алапат жалынның ішінен өрт сөндірушілер 11 газ баллонын алып шыққан. Бұл туралы Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
16 қараша күні кешкі сағат 19:35 шамасында қалалық құтқару қызметіне бірінен соң бірі дабыл қаққан телефон қоңыраулары түскен.
«ТЖД қызметіне қарасты барлық өрт сөндіру күші Медеу ауданы Тәттібеков көшесінде орналасқан қоймаға қарай бағытталды. Алғашқы өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жеткен. Аумағы 8 шаршы метрлік қойма тұтастай өртке оранған», - делінген ТЖД хабарламасында.
Өрттің көршілес ғимараттарды да шарпуы мүмкін еді. Алайда өрт сөндірушілер жылдам қимылдап, алапат жалын ішінен 25 және 50 литрлік 11 газ баллонын алып шықты.
Кешкі сағат 20:00-де өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер мен адам шығыны жоқ.