Ақмола облысында заңсыз елік атып алған браконьер ұсталды
Оның елік атуға ешқандай рұқсат құжаттары болмаған
![Ақмола облысында заңсыз елік атып алған браконьер ұсталды](https://azattyq-ruhy.kz/cache/imagine/1200/uploads/news/2021/11/16/61930c83739c1282339642.jpg)
Ақмола облысында Сібір елігін заңсыз атып алған браконьер қолға түсті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Департамент мәліметі бойынша, биылғы жылдың 14 қарашасында «Нұр-Сұлтан-Петропавл» автожолының 291-шақырымында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын жүргізу шеңберінде «Тұлпар-10» Ақмола облысы ПД патрульдік полиция батальонының жасағы, аға лейтенант Алтынбек Накенов пен лейтенант Айбек Балтабеков «Toyota» автокөлігін тоқтатқан.
Нұр-Сұлтан қаласының 37 жастағы тұрғыны басқарған көліктің салонын тексеру кезінде еліктің 1 ұшасы, тегіс ұңғылы үш мылтық табылды. Бұл ретте жүргізуші мен оның 36 жастағы жолаушысында елік атуға ешқандай рұқсат құжаттары болмаған.
«Бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 337-ші бабының «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жануарлардың түрі мен жасын анықтау үшін сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта іс бойынша істің барлық мән-жайларын объективті тексеруге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», - делінген хабарламада.