Алматыда қоғамдық көліктің үстінде отшашу ұйымдастырғандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Автобус төбесінен секірген бұзақылыққа қатысушылардың бірі, басынан жарақат алған

Фото: vitalik.kz/

Алматы қаласы Бостандық аудандық полиция басқармасы қоғамдық көліктің үстінде отшашу ұйымдастырғандар ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Барлығы төртеу. Әрқайсысы түрлі міндет атқарған. Біреуі қоғамдық көлік жүргізушісінің назарын аударса, екіншісі – ұялы телефон камерасына не болып жатқанын түсіріп жатқан, тағы екеуі – тікелей орындаушылар. Олар қоғамдық көліктің төбесіне шығып, отшашу ұйымдастырған. Арасында кәмелетке толмағандар да бар.  Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293 бабы бойынша қылмыстық іс тергелуде. Сонымен қатар, бұзақылардың әрекетінде ҚР ӘҚбК-нің 436-бабында көзделген құқық бұзушылық белгілері бар», - деп хабарлады Бостандық аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Думан Аухадиев.

Ол өз сөзінде қоғамдық көлік жолаушыларына қауіп төндірген жастардың әрекеті толығымен анықталатынын атап өтті. 

Айта кетерлігі, автобус төбесінен секірген бұзақылыққа қатысушылардың бірі, басынан жарақат алған.