«Диплом да жоқ, ақша да жоқ»: Шымкенттік тұрғын алаяқтарға алданып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол оқу орнын бітіргені туралы дипломды алу үшін алаяққа 196 мың теңге берген

Фото ашық дереккөзден

Шымкенттік тұрғын диплом сатып аламын деп 196 мың теңгесінен айырылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Әл-Фараби аудандық Полиция басқармасына арызданған жергілікті тұрғынның айтуынша, бейтаныс азамат Шымкент қаласындағы оқу орындарының бірі арқылы диплом жасап беретінін айтып әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 196 000 теңгесін алған. Алайда арада қанша уақыт өткенімен, алаяқтан еш хабар болмаған. Сөйтіп жәбірленуші дипломсыз да, ақшасыз да қалған.

Аталған жайтты тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркеді. Жедел-тергеу тобы арызданушы азаматшаның жауабына сәйкес жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, тәртіп сақшылары азаматтың жеке басын анықтап, оны Әл-Фараби АПБ-на жеткізді. Тергеу кезінде алаяқтық жасаған азамат сенімге кіріп, жәбірленушінің ақшасын алғанын мойындады.

Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның осыған ұқсас басқа да алаяқтық жайттарына қатысы бар-жоғы анықталуда.