Жантүршіктірер жол апатының видеолары жарияланды
Таразда автобус жаяу жүргіншіні жаншып кетті. Қоғамдық көлік жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйелді қағып, бірнеше метрге дейін үстінен жүріп өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Әйел сол жерде көз жұмды. Ал жүргізушіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Бұл – автобус ішінен түсірілген бейнекөрініс. Көліктің алдыңғы әйнегі шытынап кеткен. Ал көше камерасындағы видео жантүршіктіреді. Қоғамдық көлік жүргізушісі оңға қарай бұрылып жатқанда алдындағы жолаушылар жолағынан өтіп бара жатқан жүргіншіні байқамады ма, тоқтамастан, ары қарай тағы бірнеше метр жүреді. Тағы бір видеода марқұм әйелдің бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде өтіп бара жатқаны анық көрініп тұр. Адам қаққан қоғамдық көлік «ӘулиеатаТрансПасс» автопаркініне тиесілі екені белгілі болды. Мекеме басшысы 22 жастағы жүргізушінің жұмысқа жақында ғана қабылданғанын айтты.
«Біздің мекемеге 1-1,5 ай бұрын қазан айында жұмысқа кірген. Бұл оқиғаға қатысты сіздерге толыққанды айта алмаймын. Себебі ІІБ-ның зерттеу шараларынан кейін айтылатын болады», - деді «ӘулиеатаТрансПасс» директоры Рашид Пірманов.
Полиция департаментінің мәліметінше, автобус рөліндегі жас жігіттің қоғамдық көлікті тізгіндеуге санаты сәйкес келмейтін көрінеді. Жүргізуші куәлігінде тек Б санаты болған.
«Соның салдарынан әйел оқиға орында қайтыс болды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Жамбыл облыстық ПД бастығының орынбасары Темірбек Оразымбетов.
Жол апатынан қаза тапқан әйел 58 жаста болған. Оған қатысты басқа ақпарат жоқ. Полиция департаменті тергеу мүддесіне байланысты істің мән-жайы жария етілмейтінін жеткізді.