Ақтауда жарылыс болған жерден 300 тонна қоқыс шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін құтқарушылар 1 газ және 1 ауа баллонын қауіпсіз жерге шығарды

Кеше түнде Ақтауда қала сыртындағы ірі кәсіпкерлік нысанда жарылыс болды. Салдарынан 2 қабатты дәмхана орнында күл-қоқыс қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жақын маңдағы ғимараттар да бүлінді. Үйінділерді аршу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Құтқарушылар кеше 2 газ баллонын тапқан еді. Бүгін 1 газ және 1 ауа баллонын қауіпсіз жерге шығарды. Таяу күндері полигонда сараптама жасалады.

«Газ баллондар зауыттан жарақты күйде шығарылған. Алайда мұндай нысандарда оларды қолдануға тыйым салынған. Бұл жерде өрт қауіпсіздігі ережелерін біз тексерген жоқпыз. Өйткені шағын және орта бизнес ғимараттарда бақылау жүргізуге Президент жариялаған мораторий бар», - деді облыстық төтенше жағдайлар басқармасының басшысының орынбасары Бекболат Әбдіқадыров.

Жойқын жарылыс жеке кәсіпкер Қуаныш Қойшыбаевты табыс көзінен айырды. Бұл жерден токарлық цех ашқан ол айына 400-450 мың теңге пайда көргенін айтады. Қымбат станоктары енді іске жарамсыз болып қалған.

«1 токарлық, 2 тесу станогы мен бір точилам кетті. Майда-шүйде құралдарды айтпағанда. Қирап қалды, жоқ болды. Кімге арызданамын, қалай арызданамын. Білмей тұрмын ғой», - дейді кәсіпкер Қуаныш Қойшыбаев.

Қала тұрғыны Дастан Сарбаев жеңіл көлікпен осы жерден өтіп бара жатқан сәтте күшті дүмпу машинаның оң жақ терезелерін қиратып өтеді. Ала шаңға көмілген ол, жақын жерде тағы 2 көліктің тұрғанын көрген. Бірінде бетін қан басқан жас жігіт отырды дейді. Өзі де таңертең дәрігерге барып, құлағын тексертіпті.

«Куәгерлермен бірге көліктерді жағалай жүгіріп, кімге көмек керек екенін сұрадық. «Тойота Прадо» маркалы көлікте жараланған адам болды. Бір адамдар оған көмектесіп жатты. Бүгін ертелетіп дәрігерге қаралдым. Жарақат болмағанына қуандым. Енді тәуелсіз сарапшы жалдап, машинама келген шығын мөлшерін білу керекпін», - дейді қала тұрғыны Дастан Сарбаев.

Маңғыстау облысындағы барлық елді мекен газ желісіне қосылғаны ресми түрде айтылады. Солай бола тұра осы дәмханада не себепті газ баллон қолданылған деген заңды сұрақ туындайды? Әлде кәсіпкер ақшасын қимады ма? Ол жағы бізге беймәлім. Тағы бір айтарлығы, кешегі жарылыстан бүлінген 11 автокөліктің дені шетелдік маркалы қымбат машиналар. Енді оларды кім жөндейді? Бұл сауал да әзірге ашық күйде қалды.