Көпбалалы отбасы елордаға Қызылорда облысынан көшіп келген
Қазір балалар ауруханада дәрігерлердің бақылауында, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Оқиға саяжайлардың бірінде болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Елордаға Қызылорда облысынан көшіп келген көпбалалы отбасы ғимаратта уақытша тұрып жатқан. Зардап шеккен балалардың үлкені 12 жаста, ал ең кішісі бір жасқа да толмаған.
«8 қараша күні таңғы сағат 7:40-та саяжайдан 6 бала ауруханаға түсті, олар газ иісіне уланып қалған. Балалар 2009, 2011, 2013, 2017, 2020 және 2021 жылы туған. Улану дәрежесі орташа. Қазір дәрігерлер тексеріп жатыр.
Бұл отбасы бізде тіркелген бе, тізімде бар ма, соны анықтап жатырмыз. Олар қыркүйек айында көшіп келген екен», - деді Мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасының бас маманы Әйгерім Райымқұлова.
Ол үй аумағында профилактикалық тексеру жүргізілгенін айта келе, мұндай фактілердің жиі тіркелетінін айтты.
«Дәл осы халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көбірек көңіл бөлу үшін, пештегі жарықтар мен бұзылуларды жою үшін демеушілерді тартуға тырысамыз. Мұның бәрі жылы уақытта жасалады», - деді ол.