$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.11.2021, 22:59
Оқиғалар

Павлодар облысында балаларына алимент төлемеген әке сотталды

Борышкердің алимент бойынша берешегі бүгінгі таңда 4,5 млн. теңгеден асқан

Павлодар облысында балаларына алимент төлемеген әке сотталды

Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған сот 37 жастағы әкені 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, борышкердің алимент бойынша берешегі бүгінгі таңда 4,5 млн. теңгеден асқан.

«Борышкер әкеге 2012 жылы сот бұйрығымен кәмелетке толмаған екі баласына ай сайын алимент ретінде жалақысының және басқа да табысының 1/3 бөлігін төлеу міндеттелген. Өкінішке қарай, ол көптен бері кәмелетке толмаған қос перзентін күтіп-бағуға берілетін алиментті төлемеген. Осыдан кейін борышкер әке ҚР ҚК-нің 139-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды», -  деді Екібастұз қалалық полиция басқармасының аға анықтаушысы Зухра Бекова.

Сот актісінен кейін әке алиментті  төлеудің міндетті екенін біле тұра, қасақана төлемегені анықталған. Ер адам ай сайынғы алимент төлеу бойынша пайда болған берешекті өтеуге негізделген пәрменді шараларды қабылдамаған. Тіпті, сот орындаушысының жазбаша хабарламалары мен ескертулеріне де жауап бермеген.

«Ер адам ҚР ӘҚБК 669-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы жаза тағайындалды. Бірақ бұл жазалар да оның балаларының алдындағы міндеттемелерін орындауға әсер етпеді», - деді Зухра Бекова.

Айта кету керек, ағымдағы жылы Павлодарда балаларды күтіп-бағуға қаражат төлеу бойынша міндеттерді орындамағаны үшін 24 борышкер әке қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Серіктес жаңалықтары