Ақтөбе облысында жоғалып кеткен оқушы өлі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқушы 1 қаңтар күні таңға жуық шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған

Ақтөбе облысында із-түзсіз жоғалып кеткен 11-сынып оқушысы Анатолий Лебедев өлі табылды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy тілшісі облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

«Іздеу тобы Алға ауданының Қарақұдық ауылынан төрт шақырым қашықтан кәмелет жасына толмаған Анатолий Лебедевтің мәйітін тапты. Оның денесінен ешқандай зорлық-зомбылықтың ізі байқалмады. Алдын ала болжам бойынша, жасөспірім суықта үсіп қайтыс болған. Қазір сот-медициналық сараптамасы тағайындалды», – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, оқушының 1 қаңтар күні таңғы 04.30 шамасында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы жазған едік. Оны іздеуге полиция, Төтенше жағдайлар департаменті, ауылдық әкімдік қызметкерлері, еріктілер және ауыл тұрғындары жұмылдырылған болатын.