Тәртіп сақшылары азаматтың жеке басын анықтап, полиция бөліміне жеткізді
Шымкенттік тұрғын 4,2 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Еңбекші ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, белгісіз тұлға «Бозарық елдімекенінен 4 жер телімін алып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 4,2 миллион теңгесін алған. Алайда арада уақыт өтсе де не жерін, не ақшасын кері қайтарып ала алмаған.
Аталған жайтты полицейлер ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел-тергеу тобы арызданушы әйелдің жауабына сәйкес шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде тәртіп сақшылары азаматтың жеке басын анықтап, оны АПБ-не жеткізді.
Тергеу кезінде күдікті алаяқтық жолымен тұрғынның ақшасын алғанын мойындады. Заңсыз әрекет жасау үшін алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Оның осыған ұқсас басқа да алаяқтық жайттарына қатысы бар-жоғы анықталуда.