Қазақстандық әйел алты жыл бұрын жаңа туған сәбиін 60 мың теңгеге сатып жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір әйел мерзімін ең төменгі қауіпсіздік колониясында өтеп жатыр

Қазақстандық әйел алты жыл бұрын жаңа туған сәбиінен құтылу үшін құрбысының кеңесімен сатып жіберген. Қазір сол әрекеті үшін жазасын темір тордың ар жағында өтеп жатыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy Otyrar.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Камила (есімі жасырылған) өткенін есіне алғысы келмейді. Алты жыл бұрын шалыс басқан қадамын есіне түсірсе, көзі жастан тыйылмайды.

«Бәрі былай басталды! Көңіл жарастырып жүрген жігітім жүкті етіп, тастап кетті. Жалғыз өзім қатты қорықтым, баламды қалай өсіремін деп қатты алаңдадым. Құрбымнан ақыл сұрап едім баланы басқа отбасыға беру туралы ойын айтты. Ол сәбиімді тапсыратын отбасыны іздеп тапты. Босанғаннан кейін баланы сол отбасыға тапсырдым. Қолхат жазып беріп тұрып 60 мың теңге көлемінде көмек сұрадым. Себебі қарызым болатын, кепілге қойылған жеке куәлігімді алуым керек болды», – деді сотталған.

Сотталған әйел баласын сатқысы келмегенін, бірақ сол уақытта ақшаға қатты мұқтаж болғанын айтты. Ары қарайғы оқиға фильмдегідей өрбіген: құрбысы жоғалып кетеді, сәбиін балалар үйіне алып кетеді, ал өзі темір торға қамалады.

«Баламды бергеннен кейін полицияға кінәмді мойындап бардым. Бірақ олар бәрі кеш екенін, қолдарынан ешнәрсе келмейтінін айтты. Осыдан кейін сот болып, жеті жылға қамалдым. Өткеніме қатты өкінемін. Ата-аналарға айтарым, балаларыңызды өздеріңіз өсіріңіздер, олардан қымбат ешнәрсе жоқ», – деді тұтқын.

Қазір әйел мерзімін ең төменгі қауіпсіздік колониясында – ИЧ-167/10 түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Ал баласы балалар үйінде жүр.