Жамбыл облысында ер адамның көлігінен 50 келі есірткі табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Жамбылда қызметтік иттің көмегімен ер адамның көлігінен 50 келі есірткі табылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қарасора-2021» республикалық жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Шу-Қордай» автожолында 43 жастағы ер адамның басқаруындағы Nissan маркалы автокөлікті тоқтатты.

Полиция қызметкерлері Тея атты қызметтік иттің көмегімен көліктің жүк бөлімінен жалпы салмағы 50 келіден асатын «кептірілген марихуана» есірткі заты бар үш қапты тауып, тәркіледі.

«Ұсталған азамат кінәсін толық мойындады. Қордай ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігі бойынша (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау бойынша мүлкi тәркiленiп, 10 жылдан 15 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деп хабарлады Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асқар Жұмабеков.