«Банк қызметкері» Атырау тұрғынының 1,5 млн теңгесін қолды қылды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта тергеу ісі басталды

Фото ашық дереккөзден

Өзін банк қызметкері деп таныстырған алаяқ Атырау тұрғынының 1,5 млн теңгесін жымқырған.Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Полиция департаментінің хабарлауынша, алаяқ өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, жәбірленушіге WhatsApp желісі арқылы хат жолдаған.

 «Арызданушының айтуынша, 2 қараша күні Атырау қаласында тұратын 29 жастағы тұрғынға белгісіз адам WhatsApp желісі арқылы өзін Халық банктің қызметкері ретінде таныстырған. Содан соң оның есепшотынан белгісіз адамның несие рәсімдеп жатқанын айтып, жеке мәліметтерін сұраған. Сөйтіп, атыраулық тұрғынның банктегі есепшотынан 1 млн 500 мыңға жуық теңгесін алаяқтық жолмен басқа есепшотқа аударып алғаны анықталды» -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарын жүргізіп, Алматы облысының 33 жастағы тұрғынын анықтады. Қазір аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу басталды.