Аққулы ауданында өрт болған үйден ер адамның денесі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Жалпы алаңы 80 шаршы метр отқа оранды

Фото: pavlodarnews.kz

Павлодар облысы Аққулы ауданындағы жер үйде шыққан тілсіз жаудың шығу себебі мен келтірілген шығын көлемі анықталуда, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қарашада сағат 19.15-те Аққулы ауылындағы тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

«Жеке тұрған үш бөлмелі тұрғын үй шатырының ағаш құралымдары, үй заттары, жиһазы жанып кетті. Жалпы алаңы 80 шаршы метр отқа оранды. Аққулы ауданының №18 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Амангелді Солтанов сыйымдылығы 27 литр газ баллонын шығарды. Газ-түтіннен қорғау буыны қызметі барлау барысында терезе арқылы   1977 жылы туған ер адамды алып шықты. «103» қызметі оның қаза тапқанын анықтады, - дейді департаментте.

Өрт сағат 21.37-де сөндірілді.

Оқиға орнында Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 8 адамы мен 2 техникасы, «102», «103» қызметтері жұмыс істеді.

Павлодар облысы ТЖ департаменті азаматтардан өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды.