Компаниялар шоттағы ақшаны тек қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан
Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары Шымкентте 13 адамнан құралған қылмыстық топтың жолын кесті деп хабарлайды Агенттіктің бапсасөз қызметі.
Қылмыстық топ 2019-2020 жылдар аралығында 18 фирма ашып, жалған шот-фактуралар жасау арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Осы жылдар ішінде бұл фирмалардың заңсыз айналымы 8,3 миллиард теңгені құрады, оның ішінде компаниялардың банктік шоттарынан 3,6 миллиард теңге қолма-қол ақшаға айналдырылды. Айта кету керек, 18 компанияның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті өндірістік-техникалық базасы, қызметкерлер штаты және қойма үй-жайлары болмаған», - делінген агенттік таратқан хабарламада.
Қылмыстық әрекеттердің салдарынан мемлекетке төленбеген салық түрінде 1,9 миллиард теңгеден астам сомаға залал келтірілді. Топ мүшелері әртүрлі мерзімге 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.