Күдіктілер Қарағанды облысында ұсталды
Оқиға 25 қазан күні кешкі сағат сегіз шамасында Павлодар қаласындағы көшелердің бірінде болған. Таксиде отырған ер азаматты үш адам күштеп түсіріп, өзге көлікпен белгісіз бағытта алып кеткен деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі облыстық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Тәртіп сақшыларына такси жүргізушісі дереу хабарласып, болған жайтты баяндаған. Күдіктілер «Лада Приора» көлігінде болғаны анықталды. Полиция дереу ұстау операциясын жүргізіп, жақын облыстардағы өзге әріптестеріне хабар берген.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу нәтижесінде 26 қазан күні сағат 01:20 шамасында Қарағанды облысы Молодежное ауылының маңында күдікті көлікті Павлодар және Қарағанды облыстарының полиция қызметкерлері ұстады», - деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Полиция 2000-2001 жылдары туған төрт күдікті адамның ұсталғанын атап өтті. Автокөлік арнайы айып тұрағына қамалды.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 125-бабы 2-тармағы 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Істің мән-жайы мен себептері анықталуда.