Талғарда бозбаланы қағып өлтіріп қашып кеткен жүргізуші экс-полицей болып шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға дүйсенбі күні кешкі 20:30 шамасында Талғар қаласында болған

Көлігімен адам қағып қашып кеткен полиция қызметкері болып шықты. Алматы облысында 18 жасар жігітті ажал құштырған күдікті қылмыс жасағанын айтып полицияға өзі хабарласқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «КТК» телеарнасына сілтеме жасап .

Жол жиегімен келе жатқан 18 жасар бозбаланы қағып өлтірген күдікті полиция қызметкері болып шықты. Кеше ғана «біздің қатысымыз жоқ» деп басын ала қашқан тәртіп сақшылары бүгін қылмыс жасаған әріптестері екенін ақыры мойындады. Полиция департаментінің өкілдері күдікті апатқа дейін бір күн бұрын жұмыстан өз еркімен шыққанын жеткізді. Бірақ ол көлікке сау күйінде отырған дейді департаменттегілер. Алайда марқұмның жақындары бұған сенбейді.

«Қаққан адам Алматы облысының полиция өкілі – Айсарақын Самат. Ол мас күйінде болуы мүмкін. Сол үшін де оқиға орнынан қашып кеткен. Келесі күні өткізіліп, сау екенін анықтаған сараптамаға қанағаттанбаймыз әрі келіспейміз. Сондықтан алкоголь және қан құрамындағы басқа да заттарға қайталап сараптама жасағанын қалаймыз», - деді марқұмның туысы Фатима Токтыбаева.

Алайда бейнебақылау камерасынан Самат Айсарақынның кәуапханаға қазанның 25-і күні қайғылы оқиға болардан санаулы минут бұрын ғана қисалаңдап келгенін байқауға болады. Тіпті көлігінің есігін аша алмай құлаған. Әзер машинасына отырып автотұрақтан шықпай жатып өзге көлікті соғып өте шыққаны да бастан-аяқ сол маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Кафе қызметкерлері ол ішіп келіп жанжал көтергенін марқұм жігіттің туыстарына айтып берген. Сонымен қатар мас адам тізгіндеген көлікке тағы үш адам мінген. Қыршын кеткен баланың туыстары «Ол куәгерлер қайда?» деп аң-таң.

«Енді полиция қазір бәрін де жасайды. «Ол полицияда істемейді», «ол шығарылған жұмыстан» деген әңгімені шығарады. Органдар белгілі ғой қазір. Органдар өз қызметкерлерін бәрін істеген істерін жасырып, тығып жүру керек. Ал, біздің Талғардың полициялары ішіп алса, көшенің басынан аяғына дейін зымырап жүре береді. Оларға заң жоқ. Видеотіркеуішті түсірген адам айтып отыр. Көрініп тұр, үш адам екені. Оның бәрін қайда жіберді?!», - дейді марқұмның туысы Сания Базарбаева.

Күдікті тергеушілерге берген жауабында көлікте жалғыз болғанын айтыпты. Расымен де туыстары айтқандай, бейнебақылаудан көлікте басқа адамдардың да отырғанын көреміз. Ал дәм-тұзы небәрі 18 жасында таусылған Дінмұхамедті жақындары мен дос-жарандары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Баланың жақындары ботадай боздап қалды.

Қайғылы оқиға дүйсенбі күні кешкі 20:30 шамасында Талғар қаласында болған. Жол жиегінде кетіп бара жатқанда көлік қағып, оқиға орнынан ізін суытқан. Қансыраған жігіт оқиға куәгерлерінің айтунша, сол жерде жан тапсырған. Қашып кеткен экс-полицей өз еркімен беріліпті.

«Аталған факті ҚР ҚК 345- бабы 3-бөлігі және 347-бабы бойынша Талғар ауданы полициясында тіркелді. Медициналық куәландырудың нәтижелері көрсеткендей, жүргізуші сау болған. Ал қандағы алкогольді тексерудің нәтижелері әлі дайын емес. Сонымен қатар жол-көлік оқиғалары кезінде күдікті полиция қызметкері болмағанын хабарлаймыз. Өйткені бұрын ол өз еркімен жұмыстан босату туралы баянат жазған», - деді Алматы облысы ПД өкілі Ернар Сайдильдин.

Марқұм болған жігіттің жақындары қаққан адамның ұзақ мерзімге қамауға алынғанын талап етеді. Сондай-ақ рөлге мас болып отырғанын жасырған сараптамашылардың жазаланғанын қалайды. Ал бұрынғы полицейдің қылмыс жасағанда бір күн бұрын жұмыстан шығып кеткеніне сенбейді. Баланың туыстары іс созылып кетсе, прокуратураға арыз жазып, ішкі тексеріс жүргізуін талап етпек.