ШұғылЖелтоқсан-қаңтар айларында Қазақстанда карантин күшейтілуі мүмкін

Лондонда Пикассоның 26 млн доллар тұратын картинасын тілгілеп кеткен

Қолға түскен 20 жастағы Шакил Мэсси атты ер адам өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр

Фото: Museum of Modern Art in Warsaw

Әйгілі суретші Пабло Пикассоның Лондондағы Тейт көркемөнер галереясында тұрған құны 26 миллион долларлық картинасын келушілердің бірі тілгілеп, бүлдіріп кеткен. Бұл туралы «Би-би-си» хабарлайды, деп жазады Azattyq Rýhy.

20 миллион фунт стерлинг (26 миллион доллардан астам) тұратын «Әйелдің кеудесі» картинасын бұзақының тілгілеп кеткені анықталды. Қолға түскен 20 жастағы Шакил Мэсси атты жігіт өзіне тағылған айыпты мойындамай отыр. Ал оның кепілмен босату туралы өтініші қабылданбаған. 

Тейт галереясында тұрған картинада Пикассоның нақсүйері Дора Маар бейнеленген. Туындыны суретші 1944 жылғы нацистер басқыншылығының соңғы айларының бірінде, яғни мамырда Париж қаласында салған екен.

Айта кетсек, 2018 жылдың күзінде Румынияда Пикассоның «Арлекиннің басы» картинасы табылған болатын. Ол картинаны 2012 жылы ұрылар өзге де авторлардың туындыларымен бірге ұрлап кеткен еді. 2013 жылы тонау әрекеті бойынша Румынияның үш азаматының қолға түскені туралы әлемдік БАҚ жарыса жазған болатын.

Пабло Пикассо — испан және француз суретшісі, мүсінші, график, театр суретшісі, керамист әрі дизайнер болған тұлға. Ол кубизмнің негізін қалаған. Пикассо өз ғұмырында 20 мыңға жуық туынды жасаған.