Алматыда жаңа жыл түні үш өрт оқиғасы тіркелді
Өрт пиротехниканы дұрыс қолданбағаннан шыққан
Жаңа жыл түні пиротехниканы дұрыс қолданбағаннан Алматы қаласында 3 өрт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Төтенше жағдайлар комитетіне сілтеме жасап.
Сағат 00.18-де Әуезов ауданындағы 9 қабатты үйдің балконында ілініп тұрған киімдер тұтанған. Өрттің пайда болуына шынысы жоқ балконға петарданың түсуі әсер еткен.
Ал сағат 00.28-де Наурызбай ауданындағы жер үйде өрт шыққан. 80 шаршы метр жерді шарпыған өрт 2.36-да толық сөндірілді. Өрттің пайда болуына мансардқа петарданың түсуі әсер еткен.
Сағат 00:31-де 101 қызметіне Алмалы ауданы Жұмалиев көшесіндегі «Grand Asia» бизнес-орталығында өрт тұтанғаны туралы хабар түскен. Өрт сөндірушілер 1-қабаттан бастап 12-қабатқа дейін керамогранит астына төселген жылытқыштың сыртқы қаптамасы жанып жатқанын анықтады. Қызыл жалын 02:18-де толық сөндірілді. Өрт 150 шаршы метр аумақты шарпыған. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрттің пайда болуына пиротехниканы қолдану кезінде өрт қауіпсіздігін сақтамау әсер еткен.