Ақтауда кәріз суын Қаракөлге төккендердің видеосы жарияланды
Бұл жерді қызғылт қоқиқаз, сыбырлақ аққу және Қазақстанның Қызыл кітабына енген өзге де құстар мекендейді
Каспий жағасында демалыс орнын салып жатқан серіктестік жұмысшылары кәріз суын Қаракөлге төгіп жатыр. Бұл сорақылықты тұрғындар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Оқиға орнына экологтар барып, сарқынды судың төгілуін тоқтатты. Сынамалар алынды. Егер зиянды заттар анықталса, мердігерге әкімшілік шара қолданылады. Қаракөл жасанды су қоймасы Ақтаудан 10 шақырым жерде орналасқан. Бұл жерді қызғылт қоқиқаз, сыбырлақ аққу және Қазақстанның Қызыл кітабына енген өзге де құстар мекендейді.
«Қоршаған ортаға залал келтірілген жағдайда шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексеріс жүргізу тек қана бірінші басшысының шешімі негізінде жүзеге асырылады. Осы ретте экология департаментінен орталық аппаратқа сұраныс хат жолданды. Оң шешімі шыққан жағдайда жоспардан тыс тексеріс жүргізіп, тиісті шаралар қолданылатын болады», - деді облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары Сағадат Хансейітов.