Көкшетау қалалық ауруханасының басшылары алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Автор: Azattyq Rýhy

40-қа жуық тәжірибелі дәрігер бұрынғы басшысын қайтармаған жағдайда, қызметінен босату туралы өтініш жазбақ

 

Ақмола облысында «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК лауазымды тұлғаларына қатысты «Алаяқтық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, аурухана дәрігерлері де өз еркімен кеткен басшылары қызметіне қайта алынбаса, онда олар да жұмыстарынан кететінін айтып ультиматум қойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Көкшетау қалалық ауруханасының ұжымы мекеменің бас дәрігері Ерлан Аяғановтың қызметінен босатылуына келіспейтінін білдірді.

«Бас дәрігер, Денсаулық сақтау ісінің үздігі Е.С. Аяғанов келгелі ауруханамыз, оның ішінде ЦИЗ аяғынан тік тұрып, жаңа келбетке ие болды (косметикалық жөндеу жүргізілді), құнды кадрлар мен тәжірибелі мамандар жұмысқа орналастырылды, көрсетілетін көмек көлемі мен төсектердің жаңа бейіндері кеңейтілді», - делінген аурухананың медицина қызметкерлерінің үндеуінде.

40-қа жуық тәжірибелі дәрігер бұрынғы басшысын қайтармаған жағдайда, қызметінен босату туралы өтініш жазбақ.

Қалыптасқан жағдайға Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов түсініктеме берді.

«22 қазанда тәртіптік комиссияның отырысы өтіп, соның шешіміне сәйкес бас дәрігер Ерлан Аяғановпен еңбек қатынастарын тоқтату ұсынылды. Тәртіптік комиссияның қорытындысы ұсынымдық сипатта болады, бірінші басшыға түпкілікті сөз беріледі. Осыған байланысты 25 қазанда маған Ерлан Серікұлы тарапынан жұмыскердің ниеті бойынша онымен еңбек қатынастарын тоқтату туралы өтініш келіп түсті. Өтініш қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігерімен еңбек қатынастары тоқтатылды», - деп түсіндірді Н. Сыздықов.

Бас дәрігермен ынтымақтастық белгісі ретінде ауруханадан шығуға ниетті дәрігерлер тарапынан ұжымдық Үндеуге қатысты Н.Сыздықов олардың барлығы заңнамада белгіленген мерзімде және белгіленген тәртіппен өзі шетелдік іссапардан оралғаннан кейін қаралатынын түсіндірді.

«Көкшетау қалалық ауруханасының кейбір лауазымды тұлғаларына қатысты қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатқанын қосымша хабарлағым келеді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ҚІЖК 201-ші бабы, ҚР ҚК 407-бабы, тергеу барысы және оның егжей-тегжейі туралы деректер жария етуге жатпайды», - деп толықтырды Н. Сыздықов.

Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінде түсіндіргендей, полицейлердің өндірісінде 2021 жылғы 12 шілдедегі ҚР ҚК 190-шы бабы 2-бөлігінің 3-тармағы (қызмет бабын пайдалана отырып алаяқтық жасау) бойынша «Көкшетау қалалық көпбейінді ауруханасы» ШЖҚ МКК лауазымды адамдарына қатысты тіркелген қылмыстық іс бар.

«Сотқа дейінгі тергеу материалдарына қатысты ақпарат жария етілмейді, өйткені бұл тергеу мүдделеріне қайшы келеді және басқа адамдардың құқықтары мен мүдделерін бұзуы мүмкін», - деп толықтырды департаменттің баспасөз қызметінен.

Әзірге медициналық мекеменің бас дәрігерінің міндетін орынбасары атқаруда.