Талғарда 18 жастағы жігітті көлік қағып кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол оқиға орнында көз жұмды

Фото ашық дереккөзден

Талғарда жеңіл көлік жаяу жүргіншіні қағып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Kris_p_talgar Instagram-тобының ақпараты бойынша, Менделеев көшесінде өлім оқиғасы орын алды.

«Оқиға кезінде марқұм жарығы жоқ көшенің жиегімен келе жатқан. Ал кінәлі оқиға орнынан қашып кеткен. Оның жанында тағы екі жолаушы болғаны анықталды. Көліктің сынған әйнегін Қарасай батыр көшесіндегі көппәтерлі үйлердің ауласына (ковид орталығына қарама-қарсы) тастап, белгісіз бағытқа жасырынған», - делінген Instagram-пабликтің хабарламасында.

Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жол-көлік оқиғасы 25 қазанда сағат 20:30 шамасында болған.

«26 жастағы жүргізуші Талғар қаласының Менделеев көшесімен батыс бағытта келе жатып, 18 жастағы жаяу жүргіншіні қағып кетті. ЖКО нәтижесінде жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмды. Аталған факті Талғар аудандық полициясында ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы, 3-бөлігі және 347-бабы (абайсызда адам өліміне және ЖКО болған жерден кетуге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша тіркелді. Қазір аталған ЖКО-ға қатысты қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді полиция.