СҚО-ның Тимирязев ауданында құс тұмауы тіркелді
Дружба ауылында үйрек, қаз, тауық пен күркетауық қырылып қалған
Солтүстік Қазақстан облысында тағы да құс тұмауы тіркелді. Бұл жолы ауру ошағы Тимирязев ауданында анықталды. Дружба ауылында үйрек, қаз, тауық пен күркетауық қырылып қалған. Облыстық ветеринария басқармасының мамандары 230 өлексенің өртелгенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық референттік орталықта жүргізілген сараптама жұқпалы ауруды растады. Ауру қоздырғыштарын жою мақсатында құс иелерінің қора-қопсылары, үйлердің ауласы зарарсыздандырылды. Мамандар эпизотиялық жағдайды бақылауда екенін жеткізді. Дружба ауылында 88 шаңырақ бар. Елді мекендегі құс саны 1700-ден асады. Тұрғындар тауық, қаз, үйрек, күркетауық пен тауық өсіреді.
«Індет жабайы құстардан жұғуы мүмкін. Себебі ауыл маңында көл бар. Үй құстары да сонда барады. Болашақта шығынға ұшыраған азаматтарға өтемақы төленеді. Ол үшін арнайы комиссия құрылатын болады. Барлық тиісті шаралар жүзеге асырылуда. Құс тұмауына қарсы екпе жалғасуда. Аталған ауылда бірінші жарты жылдықта 600, екіншісінде 1600 бас құсқа вакцина салынған болатын. Жұқпаның таралуы бойынша ауылдық округ әкімінің шешімімен 1 аулада карантин енгізілді. Ауылдағы жағдайға байланысты мониторниг жүргізілуде», - деді облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Қайырлы Қазанов.
Өткен айда М.Жұмабаев ауданының Лебяжье ауылында да құс тұмауы тіркеліп, мыңнан астам қанатты қырылған еді. Ауруды ауыздықтау мақсатында карантиндік шаралар жүзеге асырылды. Биыл өңірде қауіпті инфекцияға қарсы 1 млн дозадан астам вакцина бөлінген болатын. Биыл маусым айында Айыртау ауданында 104 жабайы құстан тұмау анықталған еді. Олар залалсыздандырылып, жойылды. Былтыр құс тұмауы өңірдің 12 ауданында тіркеліп, 1,5 млн-ға жуық қанатты қырылды.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО