«Полицейге телефонымды беріп, ұлыма хабарласуын сұрадым»: инспектор дөрекілік көрсеткен әжей шу шығармауды өтінді
Тәртіп сақшыларының біріне ескерту беріліп, екіншісіне сөгіс жарияланды
Шымкенттің «Қырғы базарының» кіреберісінде жаңғақ сатып, полиция тарапынан дөрекілік көрген әжей өзінің заңсыз әрекет жасағанын мойындап, артық шу шығармауын сұрады. Бұл туралы otyrar.kz сайтында жарияланды.
Бүгін әлеуметтік желіде қоғамның талқысына түскен бейнежазба бойынша полиция департаменті тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Жиынға шақырылған 74 жастағы әжей отырысты камераға түсіруге қарсылық танытқан. Алайда, жиын басталғанға дейін жергілікті арнаға берген сұхбатында кейуана болған жағдайға қатысты ойымен бөліскен. Зейнеткердің айтуынша, оның телефонын ешкім тартып алмаған, әжей оны инспекторға өзі берген, ал дау-дамайды айналадағылар шығарған.
«Мұндай шудың не қажеті бар? Әлде қандай да бір қылмыс жасалды ма?! Мен өзім кінәлімін, адам заңға бағынуы керек. Көшенің бойында емес, базарда сату керек. Мен ол жерге жаңғақтармен бардым. Бір-екі рет полиция қызметкері маған ескерту жасады, бірақ мен нашар естимін. Тағы бір рет келгенде, мен оған телефонымды беріп, ұлыма хабарласуын өтіндім. Шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Содан кейін мен кетіп қалдым. Адамдарға қызық керек, сондықтан барлығы жиналды», - деді зейнеткер.
Оқиға 24 қазан күні Шымкент қаласындағы Қырғы базар аумағында болған. Рейд жүргізіп жүрген қос полиция қызметкерінің аты-жөндері және олардың қандай жазаға тартылғандары белгілі болды.
«Әл фараби аудандық ПБ учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Мүлкібаев Жұлдызбек Дүйсебекұлы, учаскелік полиция инспекторы Тұрмағанбетов Ғалым Дәндібайұлы жергілікті атқарушы орган белгілеген жерден тыс орында жаңғақ өнімін сатып отырған 1947 жылы туған Бектенова Фатима Баймұратқызына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 204 бабы 1 бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтыру барысында азаматшаның учаскелік полиция инспекторына қарсылық білдіріп, құжатын ұсынбай қойғаны белгілі болды. Қызметтік тексеру барысында екі полиция қызметкерінің мәселесін Әдеп кодексінің негізінде ПД-не ұсынып отырмын», -деді Шымкент қалалық Әл Фараби аудандық полиция басқармасы басшысының орынбасары.
Отырыс барысында әжейдің ұлы жедел басқару орталығында жұмыс істейтіндігі белгілі болды.
«Шымкент қаласы Полиция департаменті тәртіптік комиссиясының шешімімен қызметкерлердің бірі Ж. Мүлкібаевқа қызметтік міндеттерді толық орындамағаны туралы ескерту берілді, ал Ғ. Тұрмағанбетовке сөгіс жарияланды», – деді Шымкент қаласы ДП бастығының орынбасары Алмас Әмзеев.