Павлодарда қарт анасын қорлаған ұл жазаланды

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ана мен баланың арасындағы жанжалды тоқтатты

Фото ашық дереккөзден

Павлодарда «102» нөміріне қоңырау шалған әйел адам тәртіп сақшыларынан көмек сұраған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Нұрмағамбетов көшесінде тұратын зейнеткердің ұлы жұмыстан келген соң анасын қорлап, әдепсіз сөздер айтқан. Бұған қоса, пәтердегі заттарды лақтырған.

«Жасы келген әйел адам мұндай жағдай осымен бірнеше рет қайталанып отырғанын айтып шағымданды. Ол полицейлерден көмек сұрап, бұдан әрі ұлының мұндай мінез-құлқына шыдай алмайтынын айтты. Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары ана мен баланың арасындағы жанжалды тоқтатып, ҚР ӘҚБК 73-бабының 2-бөлігі бойынша ұлына қатысты әкімшілік хаттама толтырды. Бұл қылығы үшін ер адам он тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынады, - дейді департаментте.

Айта кету керек, мұндай жағдайларда құқық қорғау органдарының қызметкерлері қоғамдық тәртіпті қорғаушылар ғана емес, сонымен қатар психолог ретінде де әрекет етеді. Олар екі жақ арасында туындаған дауды шешіп, татуластыруға тырысады.