Ақмола облысында жол-көлік апатынан бір адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Түрлі жарақат алған 5 адам ауруханаға жеткізілді

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында тасжол бойында екі көліктің бетпе-бет соқтығысуы салдарынан бір адам қаза тауып, бес адам түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы жол-көлік оқиғасы 22 қазанда Көкшетау – Қостанай тасжолының Еленовка ауылы маңында болған.

Нұр-Сұлтан қаласының 34 жастағы тұрғыны Volkswagen Golf көлігімен келе жатып, жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, Қостанай қаласының 55 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан KIA Sportage кроссоверімен бетпе-бет соқтығысқан.  

«Апат салдарынан Volkswagen Golf көлігінің жолаушысы, Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғыны оқиға орнында көз жұмды. Volkswagen Golf автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, сондай-ақ, KIA Sportage автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақатымен көпсалалы облыстық ауруханаға жеткізілді», - делінген Ақмола облыстық ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта аталған жол-көлік оқиғасы бойынша полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі «Жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады. Сараптама тағайындалды.