«Бір реттік АӘК берілді дегенге сендім»: Жамбыл облысында көпбалалы ана алаяққа алданды

Автор: Azattyq Rýhy

Жәбірленушіні мемлекет бір реттік көмек ретінде 400 385 теңге беретінін айтып алдаған

Жамбыл облысы Сарысу ауданының тұрғыны кезекті алаяқтық жағдайдың құрбаны болды. Бұл жолы алаяқтар көпбалалы анаға мемлекет тарапынан бір реттік көмек тағайындалғанын айтып, алайда оны алу үшін алдымен 91 мың теңге көлемінде ақша аудартқызған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ол маған Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласып тұрғанын жеткізді. Өзін Ержан Ғалымбаев деп таныстырған азамат әлеуметтік көмек беретін мекеменің қызметкерімін деп сендірді. Менің көпбалалы ана екенімді және қазір бала күтімімен үйде отырғанымды, тұрғылықты мекенжайымды да дәлме-дәл айтты. Жолдасымның қарапайым жұмысшы екенін де біледі екен», - дейді Аида Ақылбекова.

Алаяқ «2019 жылы мемлекет бірнеше санаттағы қазақстандықтардың банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы борышын бюджеттен өтеп бергенін» сылтауратып, көпбалалы анаға тағы да осы сынды көмек көрсетілетінін жеткізген. Алайда құрбанының Қазпоштадағы шотының бұғатталғанын алдын-ала біліп алған алаяқ, оны ашу керектігін айтқан. Бір қызығы алаяқ бұл айласын бір өзі ғана емес, серіктесімен бірлесіп жүзеге асырған.

«Маған мемлекет бір реттік көмек ретінде 400 385 теңге берілетінін айтты. Бірақ алдымен шектеулік қойылған шотымды ашуым керек болды. Ержан Ғалымбаев ол үшін әуелі Қазихан Жұмағұлов есімді сот орындаушысына хабарласуымды өтінді. Оның телефон нөмірін де сол берді», - дейді көпбалалы ана.

Аида мемлекеттік қызметкердің атын жамылған алаяққа сеніп, «сот орындаушысы» деп көрсетілген телефон нөміріне хабарласқан.

«Сот орындаушысы маған «Сіз сот отырысына келмегендіктен, сот отырысы сіздің қатысуыңызсыз өтті» деді. Енді шотты бағатталудан шешу үшін қарызымды Халық банктің шотына аудару керектігін айтты. Бірақ банктің шотына аударған жағдайда Қазпоштадағы бұғатталған шот 20 күннен кейін ашылатынын ескертті. Ал шот ашылған бойда ақшаны аударатынын айтты», -дейді келіншек.

Алайда, алаяқтар шектеулік қойылған шотты жылдамырақ ашудың тәсілін ұсынған. Ол үшін ақшаны бар болғаны телефон нөміріне аудару керектігін айтқан.

«91 мың теңгені өзін Қазихан Жұмағұлов деп таныстырған жалған сот орындаушының телефон нөміріне (8 700 649 14 52)  аудардым. Сондай-ақ, Ғалымбаев есімді азамат 1414 номерінен смс келетінін ескертті. 1414-тен шынымен де смс келді. Мен 6 цифр келгенін айттым, бірақ ол қандай сандар келгенін сұраған жоқ», - дейді келіншек.

Ақша аударылғаннан кейін алаяқтар өз әдеттеріне басып, барлық телефон нөмірін сөндіріп тастаған. Сондай-ақ, белгілі болғандай көпбалалы ананың Қазпоштадағы жәрдемақы алатын шотынан басқасының бәрінің сол күйі шектеуліктері алынбаған екен.

Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан