Алматы облысының тұрғыны бірнеше үйір жылқыны ұрлап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Ол тек екі жылдан кейін ұсталды 

Жылқыларды үйірімен барымталап жүрген адам ұсталды. Алматы облысының полицейлері 60-қа жуық жылқыны екі жыл бұрын ұрлап кеткен күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жылқылардың иесіне отыз миллион теңгеге жуық шығын келген. Арада екі жарым жылдай уақыт өткенде бірақ қолға түскен ұры 39 жастағы Іле ауданының тұрғыны болып шықты.

«2019 жылдың сәуір айында Жамбыл АПБ кезекші бөліміне 57 жастағы тұрғын 28 500 000 теңгеге 57 бас жылқы ұрланғаны туралы арыз берген. Жәбірленуші өз мәлімдемесінде Жамбыл ауданындағы Қызылқайнар жайылымынан табын жылқының  жоғалып кеткенін көрсеткен. Аталған факт ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 3-тармағы «аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті ұрлау» бойынша СДТБТ-де тіркелді.  Жедел-іздестіру іс-шаралары кешенінің нәтижесінде Алматы облысы Жамбыл АПБ КПБ қызметкерлері өткен жылдардағы бұл айқын емес қылмысты ашты. Полиция қызметкерлері Іле ауданының 39 жастағы тұрғынын анықтап, ұстады. Іс куәгерлік айғақтармен және басқа да жиналған дәлелдермен әшкереленген», - деп хабарлады Алматы облысы ПД ресми өкілі Ақбота Әзірбек.

Жылқылар иесіне толықтай қайтарылмаған. Күдікті ұрлықтың мән-жайын өзі егжей-тегжейлі айтып берген. ҚР ҚІЖК 128-бабы бойынша оған күзетпен бұлтартпау шарасы қабылданып, тергеу изоляторына қамалды.