Түркістанда көпірден секірмек болған әйел адамды полицей құтқарып қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір суицид жасамақ болған әйелдің жағдайы жақсы

Түркістандық полицей темір жол көпірінен секірмек болған орта жастағы әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әлеуметтік желілерде 18 қазан күні «Түркістанда полиция қызметкері адам өмірін сақтап қалды...» деген мәтінмен бейнежазба таралды. Бұл бейнежазбаға мониторинг жасайтын Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері бірден назар аударды. Көпірден адамды құтқарған тәртіп сақшысын анықтау жұмыстары жүргізілді. Ол Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы полиция майоры Бауыржан Саржанов екені анықталды.

«Қызмет бабымен түстен кейінгі уақытта қаладағы екі мөлтек ауданның арасын жалғап тұрған үлкен темір жол көпірінің аумағында жүрген болатынмын. Шамамен сағат 15:20 болатын, құлағыма алыстан құтқарыңыздар деген дауыс естілді. Дауыс шыққан жаққа қарай қарасам теміржолдың үстінен өткен көпірдің жиегінде адам ілініп тұр екен. Көпірден секірмекке ұмтылып тұрған әйел болып көрінді. Бірден тұра ұмтылдым. 10 минутта шығатын көпірге 20 секундта жеттім. Себебі бар ойым әлгі әйелді құтқарып қалу болды. Қасына жеткенде әлгі әйелді жібермей құшақтап, секірмес үшін жылап тұрған тағы бір орта жастағы қызды байқадым. Қыздың жалғыз өзі құтқаруға шамасы келмей тұрғаны көрініп тұр.

Менде әлгі әйелді қатты құшақтап алып артқа қарай тартып, көпірдің жиегінен өзіме қарай түсіріп алдым. Ол әйел біраз айқайлап, жіберуімді сұрады. Бірақ менің басты мақсатым азаматтардың қауіпсіздігі болған соң, мұндай қадамға барудың қауіпті екенін, отбасын ойлау керектігін айтып, біраз әңгімелесіп, көпірдің баспалдағынан дін аман, қауіпсіз орынға дейін түсірдім. Содан соң 102-ге хабарласып, әріптестеріме әйелді тапсырдым. Кешкісін әйелдің халін білу үшін хабарын алдым, қан қысымы көтеріліп дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен», - дейді полиция майоры Бауыржан Саржанов.

Қазір суицид жасамақ болған әйелдің жағдайы жақсы. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен әйелге және жанында болған сіңлісіне тиісті көмек көрсетілді. Арнайы психолог мамандары әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстары жасалды.

Сонымен қатар оның мұндай қадамға баруына нендей себеп болғаны толығымен тексерілуде.