Қайғылы оқиға 10 қазанда Ақсай қаласында болған
Жасөспірім өзіне қол жұмсар алдында Discord қосымшалар тобында өзінің суицид жасағысы келетін ойы барын жазып, артынша топтан шығып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой ГОРОД» порталына сілтеме жасай отырып.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиға 10 қазан күні түстен кейін болған. Жасөспірім Ақсай қаласындағы (облыс орталығынан 135 шақырым қашықта) 7-қабаттың терезесінен секіріп кеткен.
Редакция БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне хабарласып, оқиғаның мән-жайын анықтамақ болған. Алайда ведомство өкілдері бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бере алмайтынын, себебі ақпаратты таратуға облыстық прокуратурадан рұқсат берілмегенін айтқан.
Ал БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, мәліметтер жария етуге жатпайтынын жеткізген.
Айта кетерлігі, Бөрлі аудандық полиция бөлімі «Будни Аксая» газетіне жасөспірімнің суицид жасағаны туралы ақпарат берген. Полиция ақпаратына сәйкес, жасөспірім өзіне қол жұмсар алдында Discord қосымшалар тобында өзінің суицид жасағысы келетін ойы барын жазып, артынша топтан шығып кеткен екен.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі «Кәмелетке толмағандарды суицидке жеткізу» бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.