Оқиға биыл қаңтар айында болған
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданына қарасты Прибрежный кентінде ерлі-зайыпты зейнеткерді аса айуандықпен өлтірді деген күдікті қолға түсті. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқиға биыл 25 қаңтарда болған. Кент тұрғындары көршісінің үйі өртеніп жатқанын көріп, дереу өрт сөндірушілерді шақырған. Оқиға орнына келген құтқарушылар үйден екі адамның мәйітін алып шықты, олардың бірі 83 жастағы қария болса, екіншісі оның 74 жастағы әйелі. Марқұмдардың денесінен азаптап өлтірудің белгілері анықталған.
Полицейлер аталған жайт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігімен (кісі өлтіру) қылмыстық іс қозғап, күдіктіні 10 айға жуық уақыт іздеген. Нәтижесінде, қазан айында аса ауыр қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталыпты.
«Кісі өлтіргеннен кейін ол әдейі үйді өртеп, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір күдікті қамауда, сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», - деді ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Күдіктінің кінәсі дәлелденсе оған 20 жылға дейін немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.