Павлодарда жасөспірім бала шұңқырға құлап кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға кеше түнде болған

Павлодарда 11 жастағы бала шұңқырға құлап кетті. Оқиға облыс орталығындағы Желтоқсан көшесі, 151 мекенжайындағы жеке үйдің аумағында болған, деп хабарлайды облыстық ТЖД.

Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 13 қазан күні түнгі сағат 22:27-де «112» пультіне оқыс оқиға туралы хабарлама түскен.

«Желтоқсан көшесі, 151 мекенжайында 11 жастағы бала жеке үй аумағындағы шұңқырға құлап кеткен. Оқиға орнына құрамында  төрт құтқарушысы бар бір техника шықты. Құтқарушылар келген бойда шұңқырға түсіп, альпинистік құрал-жабдықтардың көмегімен  баланы шұңқырдан шығарып алды. Бала жедел түрде «103» қызметіне тапсырылып, облыстық балалар ауруханасына жатқызылды», - делінген баспасөз хабарламасында.

Облыстық ТЖД мамандары кездейсоқ шұңқырға түсіп кеткен адамға көмектесетін бірнеше қарапайым ереже бар екенін еске салады.

«Бұл жағдайда сіз өзіңізді тыныш ұстауыңыз керек және үрейге бой алдырмаңыз. Қатты қозғалыс жасамаңыз. Өзіңізбен бірге телефоныңыз болса, дереу құтқару қызметіне «112» және «101» нөмірлері арқылы қоңырау шалыңыз. Ал ұялы телефон болмаған жағдайда қатты дауыстап, көмекке шақырыңыз», - дейді мамандар.