Ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты
Түркістанда мектепте таяқ жеген 5-сынып оқушысы қайтыс болды. Оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектеп дәретханасында ұрып-соққан дейді әжесі. Жарақат алған балақай бірнеше күн ауырып, ақыры ауруханада көз жұмған, деп хабарлайды Azattyq Rýhу «КТК» телеарнасына сілтеме жасап.
Марқұмның жақындары оқушыларға бас-көз болмаған мектеп ұжымы мен дер кезінде көмек бермеген дәрігерлерге наразы.
Тұңғыш немересі Рамазанның денесін бірер сағат бұрын ғана жерлеген әжесіне көк сөмкені құшақтап егіліп жылағаннан басқа қайран жоқ. Өткен жұма күні мектепке кеткен оқушы сабақтан соққы жеп келген. Денесін ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Ал дүйсенбі күні ауырып тұрса да, мектепке кеткен бала үйге келісімен тағы құлайды. Әдетте ешкімге шағымданбайтын Рамазан сол күні әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін жайып салыпты.
«Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Дәретханаға кіргенде әлгі бала да кіріп ұрған. Басынан қатты соққы алған. Қан ұйыпты басына, одан кейін тамыры қысылып қалған деді. Содан да қиналған. Бүйрегі де ісіп кеткен. Ата-аналардың айтуынша, сотқар балалар жуас балалардан тиын-тебен алады екен. Әлгі сыныптасы: «Мен осы сыныптың атаманымын» дейді екен. Соған, «атаманға» ақша беру керек екен. Қазір сондай әлімжеттік көп болып тұр ғой», - дейді марқұмның әжесі Гүлнар Маханова.
Рамазан оқыған №18 мектеп-гимназияда әлімжеттік көп болады деген әңгіме ата-аналар арасында да көп айтылады. Бірақ мектеп директоры оны жоққа шығарды. Тіпті, ата-аналармен жиналыс та өткізіпті. Бірақ ол отырыста сыныптағы сотқарлық туралы сөз болған жоқ дейді директор.
«Соққы жеді деген болған жоқ. Бірақ солай айтылған. Бірақ біз, міне, ата-аналармен де жұмыс істедік. Бізге айтылғаны, сынып жетекшісін ауыстырып, шамалы қаталдау, талапшыл сынып жетекшісін қойсаңыз деген ұсыныс айтып кетті. Ондай бір баламыздан қорқамыз немесе басқалай деген мәселе болған жоқ», - деді Ж. Еділбаев атындағы мектеп-гимназияның директоры Уәлихан Бесімбаев.
Мектептің іші-сыртына түгел бейнебақылау камерасы орнатылған. Бірақ жұма күні дәретхана маңындағы камера істен шыққан дейді директор. Тіпті, таспаны кері айналдыруды білетін мектепте маман жоқ деп құтылды. Десе де, бұл іске қазір полиция араласып жатыр.
«Түркістан қаласының полиция басқармасының қызметкерлерімен тексеру жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысы бойынша заң шеңберінде нақты шешім қабылданады», - деді Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова.
Құрсақта жатқанда әкесіз қалған Рамазанды әжесі бауырына басып өз ұлындай өсірген екен. Енді небәрі он жасар немересінен айрылған әжесі құзырлы орындардың бәріне шағым түсірмек. Олар мектеп дәретханасында соққыға жығылған оқушыға бас-көз бола алмаған мектеп басшылығын түгел тексерсін деп талап қояды.