Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Ақмола облысы ПД қызметкерлері Целиноград ауданы Максимовка ауылында Біржан сал ауданының тұрғынына қатысты кісі өлтіруге оқталған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қазанда Біржан сал аудандық ПБ кезекші бөліміне жылқы өсірумен айналысатын жергілікті ЖШС-нің 55 жастағы директорынан жасалған қылмыс туралы телефон хабарламасы келіп түскен.
«ЖШС аумағында болған кезде күдіктінің 55 жастағы жергілікті тұрғынға қарай анықталмаған мылтықтан оқ атқаны анықталды, зардап шегуші аудандық ауруханаға оң жамбасына және сол білегіне оқ тиген күйі жеткізілді», - делінген хабарламада.
Тергеу барысында полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады, ол – сол ЖШС бақташысы, бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ІІО жедел есептерде тұрған 26 жастағы Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты.
Қаскүнем қылмыс орнынан көлікпен қашып, елорда маңындағы Талапкер ауылына дейін жеткен, содан соң Целиноград ауданының Максимовка ауылына жаяу барған. Дегенмен оны Біржан сал ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ұстады.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі және 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіруге оқталу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.