Енді ол жеті жыл бойы көлік жүргізе алмайды
Павлодарда автобусты есірткіге мас күйде басқарған жүргізуші жауапқа тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Автобус парктерінің 9 лауазымды тұлғасы жүргізушілерінің жол берген бұзушылықтары үшін жазаланды, сондай-ақ көлік құралын есірткіден мас күйінде басқарған жүргізуші ұсталды.
«Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Павлодар полицейлері қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған мыңнан астам бұзушылықты анықтады. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жолаушылар көлігі жүргізушілерінің арасында ең көп кездесетін бұзушылық – маневр ережелерін бұзу және көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдалану. Нәтижесінде 816 бұзушылық анықталды.
«Автобусты есірткіге мас күйінде басқарған жүргізушіні ұстау өрескел факт болды. Павлодар қаласындағы Малайсары батыр-Ермак көшелерінің қиылысында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері ГАЗ-А65R35 автокөлігін тоқтатты, аталған шағын автобус жолаушылар тасымалын жүзеге асырды. Құжаттарды тексеру кезінде полиция 48 жастағы жүргізушінің өзін дұрыс ұстамайтынын байқады. Бірақ алкоголь иісі болмаған, ал жүргізуші өзін саумын деп сендірді», - дейді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Оның айтуынша медициналық тексеруден кейін жүргізушінің есірткіге мас болғаны анықталған. Жүргізуші ҚР ӘҚБК 608-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Енді оған жеті жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынады.