Алматыда кәсіпкерлерді алдаған алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті бұрын бірнеше рет сотталған

Алматыда бизнесті жеңілдікпен несиелендіруге уәде берген алаяқ қолға түсті, деп хабарлайды Polisia.kz.

Ол – 1973 жылы туған П.есімді азаматша. Полиция оны Алматы облысында ұстады.

«П.есімді азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу төрт қылмыстық эпизодты дәлелдеді, жалпы шығын миллиондаған теңгеге бағаланды. Әйел алдын ала ойластырылған жоспар бойынша «жұмыс істеген»: үлкен сомаға несие беруді сылтауратып, зардап шеккендерден қызметі үшін алдын ала сыйақы алған», – деді Алмалы аудандық Полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.

Полицейдің айтуынша алаяқ сыйақыны алғаннан кейін ізін суытып, уәдесін орындамаған. Күдікті бұрын бірнеше рет сотталған. Оның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендер көп болуы мүмкін.

«Осыған байланысты, П.есімді азаматшаны таныған адамдарды мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуға шақырамыз: 8-708-707-9202; 8-705–555–7763; 8-775-719-2727», - дейді Есен Ысқақов.