Игорь Рыбаковтың шашбауын қазақстандық бай-бағландар көтеріп жүр
Ресейлік миллиардер «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағымен аңға шыққан. Атырау облысындағы үйректерді тобымен қырған ресейлік миллиардер Игорь Рыбаковтың қасында Айдын Рахымбаев, Арманжан Байтасов, Берік Қаниев сынды өзгеде қазақстандық бай-бағландар болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
YouTube арналарының бірінде Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» қызметінің тікұшағымен саятшылық жасап жүрген миллиардерлер туралы видео 8 қазан күні жарияланды.
Бұл – өткен апатада елде болған төтенше оқиғалардың бір парасы ғана. Күре жолдарда адамдар ауруханаға жете алмай қыршын кетіп, шалғайдағы ауылда аяғы ауыр келіншек перзентханаға жете алмай үйінде босанып жатқанда ресейлік және қазақстандық байлар «Қазавиақұтқару» тікұшағын мініп алып, Сарыарқаның сайын даласында қаз атып жүрді.
ТЖМ-нің «тегін» тікұшағын мініп кеткен «қалталы қайыршылардың» ең зоры – ресейлік миллиардер Игорь Рыбаков. «Бар-жоғы» 2 миллиард доллары бар. Ресейдің ең бай адамдарының тізімінде 70-орында тұр. Видеодан байқағанымыздай, дәл осы Рыбаков қаз атуға қазақстандық достарына қонаққа келген сыңайлы.
Өткен жылы Forbes Рахымбаевтың байлығын $610 млн деп бағалапты. Айтпақшы, сарапшы Марат Шибұтов кеше facebook парақшасына Рахымбаев туралы қызық дерек жариялады.
«Кейбіреулер Айдын Рахымбаевтың сұхбатын мақтап жатыр, «жарайсың!, керемет!» дейді. Бірақ, көпшілік біле бермейтін бір түйткіл бар. Біріншіден, ол – BI-да тек директорлар кеңесінің төрағасы ғана, оның ешқандай да үлесі жоқ. Екіншіден, холдингтің төлеген салығына қарайықшы. Мен 7 компанияны алдым, олар 2020 жылы 1 579 433 566 теңге салық төлеген. Тек бір ғана «BAZIS CONSTRUCTION» ЖШС-ның өзі 8 377 241 902 теңге, яғни, 5 есе көп төлеген.
Салықтық жүктеме коэффициентін 6,9% деп алар болсақ, бұл 7 компанияның «выручкасы» бар-жоғы 22 890 341 536 теңге болады. Пәтер бағасын 23 млн деп есептесек, бұл бүкіл елге 1000 пәтер ғана болмақ. Қалайша мұндай алып компания аз үй салған?! Бәлкім, біздің салықшылар шағын және орта бизнесті млн теңгеге бола қысқанша, осындай «ірі-шортандармен» айналысқаны жөн болар?», – деп жазды М.Шибұтов.
Рахымбаевтан бөлек, ресейлік кәсіпкердің қасында жүрген Қазақстандағы 50 ірі бизнесменнің тізіміне кіретін белгілі медиаменеджерлердің бірі – Арманжан Байтасов. Оның байлығы 2019 жылы $91 млн құрады. Одан кейінгі аңшылықта жүргендердің бірі Берік Қаниев. Оның байлығы 2021 жылдың мамыр айында $80 млн құрады. Аты аталған төрт бизнесменнің жалпы байлығы $4 миллиардты құрайды.
Аталған оқиғаға қатысты Azattyq Rýhy тілшісі «Қазавиақұтқару» қызметі қарайтын Төтенше жағдайлар министрлігіне және Атырау облыстық аумақтық Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының басшысы Ризабек Ғалымжанұлына хабарласып: «ТЖМ-нің тікұшағын ресейлік миллиардер Игорь Рыбаков бастаған аңшылар қанша сағатқа мінді? Тікұшақты аңшылық құру үшін ақылы түрде жалға алды ма әлде тегін ұшты ма? (Жалдаса төленген чек пен тапсырыс берушілердің немесе тапсырыстың ресми түрде қабылданғаны туралы құжаттың көшірмесін де бірге ұсынса) ТЖМ қарасты, мемлекеттің меншігіндегі тікұшақты жалдауға рұқсат берілген бе? ТЖМ тікұшағын бір сағатқа жалдаудың құны қанша тұрады? Аңшылар» қай күні қай жерден ұшып, қай ауданның аумағында жүрді?» деген сауалдарды қойды.
«Қазавиақұтқару» қызметі ресми сауалымызға жауап әзірлеп жатқандарын мәлім етті. Ал Ризабек Ғалымжанұлы жұмыс телефонын да, ұлы телефонын да көтермей жатыр.